Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы № 57 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы № 96 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 31 наурызда № 35900 болып тіркелді
Ресми жарияланым
Басқа
"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 79) тармақшасына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Осы бірлескен бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары бекітілсін.
2. Осы бірлескен бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылсын деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бірлескен бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бірлескен бұйрық тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы |
С. Жакупова |
|
|
|
|
Қазақстан Республикасы |
Г. Бейсембаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5–тармағының 79) тармақшасына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді, мемлекеттік білім беру ұйымдарына мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымдарынан босату тәртібін айқындайды.
2. Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымына орналасу Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 139-бабының 1-тармағына сәйкес тағайындау тәртібімен немесе конкурс бойынша жұмыс берушінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысын жұмысқа қабылдау еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару арқылы жүзеге асырылады.
Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысын конкурс бойынша қабылдауға конкурстық комиссияның оң қорытындысы негіз болып табылады.
Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысын лауазымға тағайындау үшін кандидат ұйымға Кодекстің 32-бабының 1, 2, 3-тармақтарында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
4. Азаматтық қызметке конкурстық негізде кіру бос немесе уақытша бос лауазымдарға "Педагог лауазымдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 145 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20400 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.
Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы білім беру ұйымының бірінші басшысын лауазымға тағайындау ол тиісті бос лауазымға қойылатын "Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығымен (бұдан әрі – Үлгілік біліктілік сипаттамалары) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5750 болып тіркелген) бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда жүзеге асырылады.
2-тарау. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату тәртібі
5. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім бөлімі мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысының (бұдан әрі – бірінші басшы) бос немесе уақытша бос лауазымы пайда болған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың Білім басқармасына конкурс өткізу туралы жазбаша өтініш хат жібереді.
6. Жергілікті атқарушы органның орта білім беру ұйымын құру туралы актісінің негізінде конкурс қорытындылары бойынша бірінші басшыны тағайындауға жол беріледі.
7. Бірінші басшының бос немесе уақытша бос лауазымының міндеттерін орындау осы білім беру ұйымындағы басшы орынбасарына немесе педагогке конкурстық рәсімдер аяқталғанға дейін алты айдан аспайтын мерзімге осы Қағидалардың 71-тармағының талабы негізінде жүктеледі.
1-параграф. Бiрiншi басшының лауазымына конкурс өткiзу тәртiбi
8. Бірінші басшының лауазымына арналған конкурсты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) жеке құрылымдық бөлімшесі немесе ведомстволық бағыныстылығына қарай облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім басқармасы жариялайды.
9. Конкурс бірқатар кезеңдерді қамтиды:
1) бірінші басшының бос немесе уақытша бос лауазымы пайда болған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнінен кешіктірмей, конкурс өткізу туралы хабарландыруды конкурсты жариялаған мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында, ресми әлеуметтік желі аккаунттарында жариялау;
2) конкурсқа қатысуға кандидаттардан құжаттарды қабылдау;
3) кандидаттар құжаттарының Үлгілік біліктілік сипаттамаларының біліктілік талаптарына (бұдан әрі – Үлгілік біліктілік сипаттамалары) сәйкестігін қарау;
4) мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы өткізетін конкурсқа қатысушылармен әңгімелесу.
10. Президенттік кадр резервіндегі адамдар, Назарбаев университетінің түлектері, Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша оқудан өткен шетелдік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері немесе Quacquarelli Symonds World University Rankings, Times Higher Education (THE) университеттерінің әлемдік рейтингтері, әлемдік университеттердің Academic Ranking of World universities Шанхай рейтингі бойынша әлемнің үздік 100 университетінде оқыған түлектер сертификаттаудан босатылады, кандидат тиісті бейін бойынша жоғары (жоғары оқу орнынан кейінгі) педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі немесе педагогикалық қайта даярлаудан өткенін растайтын құжаты, сондай-ақ осы Қағидалардың 1-қосымшасының 8-тармағының 6), 7), 8) тармақшаларында көрсетілген құжаттары болған, Үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес келген жағдайда әңгімелесуге жіберіледі.
11. Конкурсты өткізу туралы хабарландырудың мәтіні мынадай ақпаратты қамтиды:
1) ведомствосында және қарамағында мемлекеттік білім беру ұйымы бар мемлекеттік органның атауы;
2) конкурс жарияланған лауазымның атауы;
3) орналасқан жері, қызметінің қысқаша сипаттамасы көрсетілген мемлекеттік білім беру ұйымының толық атауы;
4) Үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген бірінші басшының лауазымына кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары;
5) бірінші басшының лауазымдық міндеттері;
6) лауазымдық жалақының мөлшері;
7) конкурсты өткізу мерзімі мен орны;
8) конкурсқа қатысуға өтінімдерді беру мерзімі және қабылдау орны;
9) осы Қағидалардың 1-қосымшасының 8-тармағына сәйкес конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттардың тізбесі;
10) конкурстық комиссияның отырысына байқаушының қатысуы туралы ақпарат;
11) ақпаратты нақтылау үшін байланыс телефондары, электрондық мекенжайлары;
12) уақытша бос лауазымға конкурс өткізген жағдайда, бірінші басшының уақытша бос лауазымының мерзімі.
12. Бірінші басшы лауазымына кандидат құжаттарды конкурсқа қатысуға жібергенге дейін заңнаманы білуге арналған сертификаттаудан және мемлекеттік тілді орта деңгейден (В1) төмен емес деңгейде білуге арналған тестілеуден (ҚАЗТЕСТ, QAZAQ RESMI TEST) өз бетінше өтеді.
13. Конкурс жариялаған мемлекеттік орган бос лауазымға орналасуға кандидаттарды іріктеу үшін конкурстық комиссия құру туралы бұйрық шығарады.
14. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім басқармаларының конкурстық комиссиясының құрамы 7 (жеті) адамнан кем емес, оның ішінде комиссия мүшелерінің арасынан сайланған төрағадан тұрады. Конкурстық комиссияның құрамына облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармаларының, аудандық/қалалық білім бөлімдерінің өкілдері, мемлекеттік білім беру ұйымдарынының және әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) басшылар, басшылардың орынбасарлары, "педагог-сарапшы" немесе "педагог-зерттеуші" немесе "педагог-шебер" біліктілік санаты бар әдіскерлері, үкіметтік емес ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақтар, ардагерлер кеңесі, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасынан азаматтық қоғамның өкілі мен тәуелсіз сарапшы енгізіледі.
15. Министрліктің конкурстық комиссиясының құрамы бес адамнан, оның ішінде комиссия мүшелерінің арасынан сайланған төрағадан тұрады. Конкурстық комиссияның құрамына уәкілетті органның, ведомствоның құрылымдық бөлімшелеріне, ведомстволық бағынысты ұйымдарына жетекшілік ететін өкілдер, білім беру саласындағы азаматтық қоғамның өкілі, тәуелсіз сарапшы енгізіледі.
16. Конкурстық комиссия жұмысының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына депутаттық корпус, үкіметтік емес ұйымдары, қоғамдық бірлестіктері, кәсіподақтар, ардагерлер кеңесі өкілдерінің арасынан байқаушы шақырылады.
17. Байқаушы кандидаттарға сұрақтар қоймайды, конкурстық комиссияның жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамайды, кандидаттардың жеке деректеріне, конкурстық рәсімдерге қатысты мәліметтерді жарияламайды, техникалық жазба құралдарын пайдаланбайды.
18. Конкурстық комиссияның хатшысы байқаушыны әңгімелесу басталғанға дейін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жадынамамен таныстырады.
19. Байқаушы мемлекеттік органның басшысына конкурстық комиссияның жұмысы туралы өз пікірін жазбаша нысанда ұсынады.
20. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссияның отырысын ұйымдастырады, оның мүшесі болып табылмайды.
21. Конкурстық комиссияның қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
22. Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда, конкурстық комиссияның құрамы қайта қаралады.
23. Конкурстық комиссияның отырысы төраға, отырысқа қатысқан комиссия мүшелері және хатшы қол қойған хаттамамен ресімделеді.
24. Комиссияның отырысы, егер оған конкурстық комиссияның жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысса, өтті деп, ал оның шешімі заңды деп есептеледі.
25. Конкурстық комиссияның шешімі ашық дауыс беру жолымен көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
26. Конкурстық комиссияның отырысы аудио-бейне жазбамен сүйемелденеді. Аудио-бейнежазбалар конкурстық комиссияның бірінші отырысы өткізілген күннен бастап 1 (бір) жыл бойы білім беру ұйымдарында сақталады.
27. Соттылығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшыраған немесе ұшыраушы (Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1) және 2) тармақшаларының негізінде қылмыстық қудалаушылығы тоқтатылған тұлғалардан басқа), бұрын сыбайлас жемқорлық сипатында қылмыстар және/немесе адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халықтың денсаулығына және имандылыққа, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған тұлғаларды жұмысқа қабылдауды болдырмау мақсатында білім беруді басқару органының, тиісті саладағы уәкілетті органның кадр қызметі кандидаттың құжаттарын қабылдағаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс және/немесе құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтердің болуы не болмауы туралы қосымша сұрау жолдайды.
28. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтер анықталған жағдайда, кандидат конкурсқа қатысудан шеттетіледі.
29. Кандидаттар құжаттарының Үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкестігін қарауды конкурс жариялаған мемлекеттік органның персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) құжаттарды қабылдау аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
2-параграф. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі
30. "Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау" мемлекеттік көрсетілетін қызметін Министрлік және (немесе) облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармалары, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім бөлімдері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті берушілер) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) бойынша көрсетеді.
31. Көрсетілетін қызметті берушілер құжаттарды хабарландыру жарияланған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде қабылдайды.
32. Бірінші басшы лауазымына орналасуға үміткер жеке тұлғалар (бұдан әрі – кандидаттар) хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау мерзімінде осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті және 1-қосымшаның 8-тармағына сәйкес электрондық немесе қағаз түріндегі құжаттарды "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесіне немесе "электрондық үкімет" веб-порталына (бұдан әрі – портал) жолдайды.
33. Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап өтініш қабылданған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде ұсынылады.
34. Портал арқылы жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" бір жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі – ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанындағы құжаттардың қабылданғаны туралы хабарлама не өтінішті одан әрі қараудан бас тарту туралы дәлелді жауап келіп түседі.
35. Мемлекеттік қызметті алуға құжаттарды қабылдау кезінде көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдағаны туралы қолхат немесе осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
36. Мемлекеттік корпорация арқылы жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушыға құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.
37. Қалыптастырылған өтініштерді (құжаттар топтамасымен бірге) Мемлекеттік корпорация көрсетілетін қызметті алушыдан құжаттарды алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушіге жібереді.
38. Тізбеде көрсетілген құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттар ұсынылған жағдайда, Мемлекеттік корпорация қызметкері осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
39. Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді. Бұл ретте көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік көрсетілетін қызметтің мерзімі аяқталғанға дейін бір күн бұрын ұсынады.
40. Көрсетілетін қызметті беруші Заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы мәліметтерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.
41. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы 3 (үш) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызмет берушілерге, Мемлекеттік корпорацияға, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына, сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығына осы Қағидаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы хабарлайды.
42. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі шағымды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды тұлға, мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) қарайды.
43. Шағым көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды тұлғаға беріледі.
44. Көрсетілетін қызметті беруші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды тұлға шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей, оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.
45. Бұл ретте көрсетілетін қызметті беруші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды тұлға, егер ол 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім не өзге де әкімшілік шара қабылдаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.
46. Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
47. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
48. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс) 91-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағымданғаннан кейін сотқа шағымдануға рұқсат етіледі.
3-параграф. Бірінші басшы лауазымына сертификаттаудан өту тәртібі
49. Кандидаттарды сертификаттауды білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ұйым (бұдан әрі – Ұйым) конкурс жариялаған мемлекеттік орган өкілдерінің және тартылған тұлғалардың қатысуынсыз ақылы негізде жүзеге асырады.
50. Кандидат сертификаттаудан өту үшін осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Ұйымға өтініш береді.
51. Сертификаттаудан өткізу кезінде қоғамдық ұйымдардың, білім беру саласындағы уәкілетті органның аумақтық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері қатарынан тәуелсіз байқаушы тартылады.
52. Сертификаттау электронды форматта жүргізіледі.
53. Кандидат сертификаттаудан өткізу пунктіне кірер кезде жеке басын куәландыратын құжатымен сәйкестендіріледі.
54. Кандидаттар Кодексті, "Білім туралы" "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарын, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген), "Тиісті типтердегі және түрлердегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29329 болып тіркелген) бұйрықтарын білуге сертификаттаудан өтеді.
55. Тест тапсырмалары 48 (қырық сегіз) сұрақтан тұрады.
56. Сертификаттаудан өту үшін шекті деңгей әрбір заңнаманы және нормативтік құқықтық актілерді білудің 50%-ын құрайды.
57. Сертификаттауға 180 минут беріледі, уақыт аяқталғаннан кейін бағдарламалық қамтамасыз ету автоматты түрде жабылады.
58. Ұйым кандидаттың жеке кабинетіне осы Қағидалардың 7-қосымшасына сәйкес нысан бойынша сертификаттаудан өткені туралы сертификаттау нәтижесін жібереді.
59. Сертификаттаудан өткені туралы сертификат сертификаттаудан өткен күннен бастап 1 (бір) жыл бойы қолданыста болады.
60. Білім беру ұйымының басшысы лауазымына үміткер, бірақ шекті деңгейге жетпеген кандидаттар қайта сертификаттаудан өтуге құқылы.
61. "Білім-инновация" лицейінің бірінші басшысы бос лауазымына орналасуға үміткер кандидаттар сертификаттаудан өтуден босатылады, құжаттардың Үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкестігі қаралғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде "Білім-инновация" халықаралық қоғамдық қорымен әңгімелесу нысанында келісуден өтеді, конкурс жариялаған мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының отырысында әңгімелесуден өтеді.
4-параграф. Әңгімелесуден өту тәртібі
62. Әңгімелесуден өту кезінде конкурстық комиссияның мүшелері осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымы басшысының бос лауазымына кандидатпен әңгімелесуге арналған тақырыптық бағыттар бойынша сұрақтар қалыптастырады.
Әрбір кандидатқа осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша "Мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымына кандидатты бағалау парағы" толтырылады.
63. Әңгімелесуді өткізу тәртібін конкурстық комиссия дербес айқындайды.
64. Конкурс жариялаған мемлекеттік орган конкурсқа қатысқан кандидаттарды 3 (үш) жұмыс күні ішінде конкурстың қорытындылары туралы жазбаша хабардар етеді.
65. Мемлекеттік немесе оларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға орналасатын тұлғалар және олардың жұбайлары Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерде активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны мемлекеттік кіріс органдарына тапсырады.
66. Мемлекеттік немесе оларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға орналасқан тұлғалар және олардың жұбайлары Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жеке тұлғалардың декларацияларын мемлекеттік кіріс органдарына тапсырады.
67. Конкурс қорытындысы бойынша Министрлік, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармалары, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім бөлімдері конкурстық комиссияның оң шешімін алған кандидатпен еңбек шартын жасасады және Конкурстық комиссия шешім қабылдаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде тағайындау туралы бұйрық шығарады.
68. Мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысымен жасалған еңбек шартында аттестаттаудан, ротациядан өту шарттары мен тәртібі, сондай-ақ қызметтің негізгі көрсеткіштері көзделеді.
Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда еңбек шарты жұмыскердің аттестаттау нәтижелерімен расталған біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмегені үшін, сондай-ақ мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары үшін ротациялау қағидаларында айқындалған жағдайларда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылады.
69. Конкурс қорытындысы бойынша бірінші басшы лауазымға 5 (бес) жыл мерзімге тағайындалады.
70. Бірінші басшының және білім беруді басқару органының келісімімен еңбек шартының қолданылу мерзімі өткеннен кейін бірінші басшы осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес конкурстық рәсімдер аяқталғанға дейін алты айдан аспайтын мерзімге осы білім беру ұйымының бірінші басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалады. Бірінші басшының міндеттерін орындау еңбек шартына қосымша келісім жасаумен және тиісті бұйрық шығарумен ресімделеді. Жоғарыда көрсетілген қолданылу мерзімі өткеннен кейін еңбек шарты Кодекстің 49-бабы 2) тармақшасының негізінде бұзылуға жатады. Еңбек шартын бұзу туралы хабарламаның болмауы еңбек шартын белгіленбеген мерзімге ұзарту үшін негіз болып табылмайды.
71. Мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымын бір білім беру ұйымында 5 (бес) жылдан екі мерзім немесе 10 (он) жылдан астам уақыт атқарған тұлға осы білім беру ұйымындағы бірінші басшының бос немесе уақытша бос лауазымына орналасуға үміткер бола алмайды және конкурсқа қатыса алмайды.
72. Кандидаттар конкурстық құжаттармен және комиссияның шешімімен 3 (үш) жұмыс күні ішінде танысады.
73. Конкурстан өтпеген кандидаттардың құжаттары конкурс жариялаған мемлекеттік органның персоналды басқару қызметінде (кадр қызметінде) 1 (бір) жыл бойы сақталады.
74. Бірінші басшының бос лауазымына кандидат анықталмаған жағдайда, конкурстық комиссияның шешімімен конкурс өтпеді деп танылады.
75. Конкурс нәтижелерімен келіспеген жағдайда, қатысушы осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурс жариялаған мемлекеттік органның апелляциялық комиссиясына 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтінішпен шағымданады.
76. Конкурс жариялаған мемлекеттік орган Апелляциялық комиссияның төрағасы мен құрамын айқындайды және бекітеді. Апелляциялық комиссияның құрамы бес адамнан тұрады.
77. Апелляциялық комиссияның төрағасы басшылық жасайды, хатшы апелляциялық комиссияның отырысын ұйымдастырады, хаттаманы ресімдейді, оның мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге құқығы жоқ.
78. Апелляциялық комиссияның шешімі апелляциялық комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
79. Дауыстар тең болған жағдайда апелляциялық комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Апелляциялық комиссияның шешімі осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тағайындауға арналған конкурс нәтижелерін қайта қарау жөніндегі апелляциялық комиссия отырысының хаттамасымен ресімделеді, оған апелляциялық комиссияның төрағасы және барлық мүшелері қол қояды. Шағым қарау мерзімі 15 (он бес) жұмыс күнін құрайды.
80. Апелляциялық комиссияның шешіміне Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде айқындалған тәртіппен шағым жасалады.
81. Мемлекеттік ұйымның бірінші басшысын қызметтен босату Қазақстан Республикасының еңбек және осы Қағидалар негізінде жүзеге асырылады.
82. Егер елді мекенде тиісті типтегі және түрдегі бір ғана білім беру ұйымы болса, осы білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымында 5 (бес) және одан да көп жыл отырған басшы келісімі бойынша ауыстыру тәртібімен басқа елді мекенге білім беру ұйымына тағайындалады.
83. Республикалық Кадр резервіне (бұдан әрі – Кадр резерві) қабылданған басшының орынбасары мемлекеттік білім беру ұйымының басшысы лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей, еңбек шартын және жұмыс берушінің актісін жасау жолымен жұмыс берушінің шешіміне сәйкес тағайындалады.
84. Кадр резервіне алынған педагог мемлекеттік білім беру ұйымы басшысының орынбасары лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей және Үлгілік біліктілік сипаттамаларында айқындалған осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі белгіленбей, еңбек шартын және жұмыс берушінің актісін жасау жолымен жұмыс берушінің шешіміне сәйкес тағайындалады.
85. Білім басқармаларының қарауы бойынша Кадр резервіне алынған педагог шалғайдағы ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік білім беру ұйымының, шағын жинақты мектептің басшысы лауазымына олардың келісімі бойынша осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген конкурстық рәсімдерден өтпей және Үлгілік біліктілік сипаттамаларында айқындалған осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі белгіленбей, еңбек шартын және жұмыс берушінің актісін жасау жолымен жұмыс берушінің шешіміне сәйкес тағайындалады.
86. Кадр резервіне алынған, осы Қағидалардың 83, 84, 85-тармақтарына сәйкес тиісті лауазымдарға тағайындалған педагог, басшының орынбасары осы Қағидаларда көзделген тәртіппен лауазымдардан босатылады.
87. Кадр резервіне қабылданған педагог, басшының орынбасары бірінші кезектегі тәртіппен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде салынған мектептерге тиісінше басшының орынбасары, басшы болып тағайындалады.
88. Егер мемлекеттік білім беру ұйымы басшысының, басшы орынбасарының бір бос лауазымына Кадр резервіне қабылданған екі және одан да көп педагог үміткер болған жағдайда, таңдау сертификаттың жоғары қорытынды балына сәйкес жүзеге асырылады.
3-тарау. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату тәртібі
89. Педагогтерді орта білім беру ұйымдарына лауазымдарға тағайындау конкурсы "Педагогті жұмысқа қабылдау" модулінде (бұдан әрі - Модуль) (https://hr-nobd.edu.kz/) жүзеге асырылады.
90. Модуль іске қосылғанға дейін мектепке дейінгі, қосымша, арнайы, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдардың педагогтерін лауазымдарға тағайындау конкурсы қағаз форматта жүзеге асырылады.
91. Модуль жүйесінде техникалық ақау және ақау болған жағдайда білім беру саласындағы уәкілетті органның хаты негізінде орта білім беру ұйымдарына педагогтерді лауазымдарға тағайындау конкурсын қағаз форматта жүзеге асыруға жол беріледі.
92. Республикалық мемлекеттік орта білім беру ұйымдары педагогінің бос немесе уақытша бос лауазымына орналасуға арналған конкурсты тиісінше республикалық мемлекеттік орта білім беру ұйымы ұйымдастырады.
93. Мемлекеттік білім беру ұйымы педагогінің бос немесе уақытша бос лауазымына орналасуға арналған конкурсты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымы ұйымдастырады.
94. Шағын жинақты мектептерді, "Білім-инновация" лицей-интернаттарын қоспағанда, педагогтердің бос немесе уақытша бос лауазымдарына мемлекеттік білім беру ұйымы осы Қағидалардың 99-тармағына сәйкес болған жағдайда конкурс өткізеді.
95. Егер шағын жинақты мектептің бос лауазымына екі және одан да көп кандидат үміткер болған жағдайда, қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады.
96. Жаңа білім беру ұйымы ашылған, сондай-ақ оқушылардың белгілі бір контингенті жаңа білім беру ұйымына ауысуынан оқушы орындары тапшы болған жағдайларда, осы сыныптарда сабақ берген және сынып жетекшілігін жүзеге асырған педагогтерді жұмысқа орналастыру конкурстық рәсім өткізілмей-ақ ауыстыру тәртібімен жүргізіледі.
97. Үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес болған жағдайда, Кодекстің 38-бабына сәйкес жұмыс берушінің тиісті актісін шығару жолымен педагогті (бірінші басшының орныбасарын қоспағанда) бір білім беру ұйымының ішінде бір лауазымнан екінші лауазымға ішкі ауыстыруға жол беріледі.
98. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын мемлекеттік білім беру тапсырысы және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тапсырысы бойынша GPA 3,33 балдан төмен емес оқу нәтижесімен бітірген тұлғалар сертификаттаудан өткені туралы құжаты болған жағдайда, конкурстық рәсімдерден өтпей жұмысқа қабылданады. Егер педагогтің бір бос лауазымына аталған санаттағы екі немесе одан да көп тұлға үміткер болған жағдайда, таңдау GPA ең жоғары балы бойынша жүзеге асырылады.
99. Конкурсқа Үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін және осы Қағидалардың 113-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес құжаттар ұсынған педагогтер қатысады.
100. Педагогтің бос немесе уақытша бос лауазымына конкурс "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес педагогтер үшін айқындалған нормативтік оқу жүктемесінің 50%-дан астамының есебін негізге ала отырып, білім беру ұйымында сағат болған жағдайда өткізіледі.
101. Конкурсты ұйымдастыру тәртібі мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) конкурс өткізу туралы хабарландыруды білім беру ұйымының, тиісті деңгейдегі білім беруді басқару органының интернет-ресурсында, әлеуметтік желілерінің ресми аккаунттарында, мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі арқылы жариялау;
2) конкурсты өткізу күнін айқындау және конкурстық комиссияны қалыптастыру;
3) конкурсқа қатысуға ниет білдірген кандидаттардан құжаттар қабылдау;
4) кандидаттар құжаттарының Үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау;
5) конкурстық комиссияның қорытынды отырысы.
102. Конкурс өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) орналасқан жері, пошталық мекенжайы, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайы көрсетілген бос немесе уақытша бос лауазымы бар білім беру ұйымының атауы;
2) негізгі функционалдық міндеттері, еңбекке ақы төлеу мөлшері мен шарттары белгіленген бос немесе уақытша бос лауазымның атауы;
3) Үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары;
4) конкурс өткізу туралы соңғы жарияланған хабарландырудан кейін келесі жұмыс күнінен бастап есептелетін құжаттарды қабылдау мерзімі;
5) осы Қағидалардың 113-тармағында көрсетілген құжаттар тізбесі;
6) уақытша бос лауазымға конкурс өткізу кезінде педагогтің уақытша бос лауазымының мерзімі.
103. Конкурстық комиссияның құрамы мемлекеттік білім беру ұйымының бұйрығымен айқындалады.
104. Конкурстық комиссия кемінде комиссияның бес мүшесінен, оның ішінде комиссия мүшелерінің арасынан сайланатын төрағадан тұратын алқалы орган болып табылады. Конкурстық комиссияның құрамына білім беру ұйымы әкімшілігінің (бірінші басшыны қоспағанда) өкілдері, тиісті деңгейдегі әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) немесе білім беру ұйымының әдіскерлері, білім беру саласындағы азаматтық қоғам өкілі, аудандық (қалалық) білім бөлімінің мамандары, педагогтер кіреді.
105. Конкурстық комиссияның құрамына келісім бойынша басқа білім беру ұйымдарының өкілдерін (басшының орынбасарлары, педагог-сарапшы біліктілік санатынан төмен емес пән мұғалімдері) енгізуге жол беріледі.
106. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссияның отырысын ұйымдастырады және оның мүшесі болып табылмайды.
107. Конкурстық комиссияның қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
108. Конкурстық комиссияның қызметінде мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда, конкурстық комиссияның құрамы қайта қаралады.
109. Конкурстық комиссияның құрамын өзгерту білім беру ұйымы басшысының шешімі бойынша жұмыс берушінің тиісті актісіне өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылады.
110. Конкурстық комиссияның отырысы аудио- бейнежазбамен сүйемелденеді. Аудио- бейнежазбалар конкурс жариялаған білім беру ұйымдарында отырыс өткізілген күннен бастап 1 (бір) жыл бойы сақталады.
111. Конкурстық комиссияның отырысы, егер оған комиссияның жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысса, өтті деп, ал оның шешімі заңды деп есептеледі.
112. Конкурсқа қатысуға құжаттарды қабылдау конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған соңғы күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
113. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлға хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау мерзімінде мынадай құжаттарды электрондық немесе қағаз түрінде жолдайды:
1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қоса берілетін құжаттардың тізбесін көрсете отырып, конкурсқа қатысу туралы өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
3) кадрларды есепке алу бойынша толтырылған жеке іс парағы (нақты тұрғылықты мекенжайы мен байланыс телефондары көрсетілген – бар болса);
4) Үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес білімі туралы құжаттардың көшірмелері;
5) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (бар болса);
6) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу( тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген 075/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама;
7) психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары бар аурудың динамикалық бақылауда жоқтығы туралы анықтама;
8) наркологиялық аурудың динамикалық бақылауда жоқтығы туралы анықтама;
9) сертификаттаудан өту нәтижелері туралы сертификат немесе қолданыстағы біліктілік санатының болуы туралы куәлік (бар болса);
10) ағылшын тілі педагогтері лауазымына орналасуға кандидаттар үшін пән бойынша сертификаттау нәтижелері туралы сертификат немесе педагог-модератор немесе педагог-сарапшы немесе педагог-зерттеуші немесе педагог-шебер біліктілік санатының болуы туралы куәлікті (бар болса) немесе CELTA (Certificate in English Language Teaching to Adults. Cambridge) PASS A; DELTA (Diploma in English Language Teaching to Adults) Pass and above немесе IELTS (IELTS - айелтс) – 6,5 балл; немесе тойфл TOEFL (іnternet Based Test (іBT)) – 60-65 балл көрсеткіші бар сертификат;
11) осы Қағидаларға 12, 13-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша педагогтің бос немесе уақытша бос лауазымына кандидаттың толтырылған бағалау парағы;
12) жұмыс орнынан (педагог лауазымы бойынша), оқу орнынан ұсыным хат.
114. Кандидат, болған жағдайда, біліміне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби деңгейіне (біліктілігін арттыру, ғылыми атақтар, ғылыми дәрежелер және дәрежелер беру, ғылыми немесе әдістемелік жарияланымдар, біліктілік санаттары туралы құжаттардың көшірмелері) қатысты қосымша ақпарат ұсынады.
115. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында арнайы пәндер бойынша педагогтер және өндірістік оқыту шеберлері лауазымдарына педагогикалық қызметке кіріскен, тиісті мамандық немесе бейін бойынша өндірісте кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар педагогтер сертификаттаудан өтуден босатылады.
116. Осы Қағидалардың 113-тармағында көрсетілген құжаттардың біреуінің болмауы құжаттарды кандидатқа қайтаруға негіз болып табылады.
117. Мемлекеттік ұйым кандидаттың құжаттарын қабылдағаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақпараттық сервисі арқылы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс және/немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтердің болуы не болмауы туралы сұрау салады.
118. Кодекске сәйкес жұмысқа орналасуға тыйым салатын сыбайлас жемқорлық сипатында қылмыс және/немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтер анықталған жағдайда, педагог кез келген кезеңде конкурстан шеттетіледі.
119. Комиссия құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде кандидаттар құжаттарының Үлгілік біліктілік талаптарымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкестігін қарайды.
120. Кандидаттар құжаттарының біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау нәтижелері бойынша конкурстық комиссия осы Қағидаларға 12, 13-қосымшаларға сәйкес Бағалау парағында кандидат көрсеткен балдарды есептейді.
121. Конкурс қорытындысы бойынша шешімді конкурстық комиссия кандидат жинаған балдар негізінде қабылдайды. Ең көп балл жинаған кандидат конкурстын жеңімпазы болып есептеледі, оған шешім қабылдау үшін 24 (жиырма төрт) сағат беріледі. Егер конкурс жеңімпазы шешім қабылдамаса немесе бас тартса, тағайындау бағалау бойынша ең жоғары балға ие конкурстың келесі қатысушысына ұсынылады. Конкурс жеңімпазы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысына тағайындауға ұсынылады.
122. Кандидаттардың балл саны тең болған жағдайда, конкурстық комиссия әңгімелесу өткізу туралы шешім қабылдайды, нәтижесі бойынша тағайындауға кандидат анықталады.
123. Конкурстық комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оған комиссия төрағасы, мүшелері мен хатшысы қол қояды. Конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда, комиссия мүшелерінің бірі өз пікірін білдіреді, ол комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі.
124. Конкурс нәтижелері туралы хабарламаны конкурстық комиссияның хатшысы кандидатқа электрондық поштаға жібереді және өтініште көрсетілген телефон арқылы хабарлайды.
125. Егер бос лауазымға орналасу конкурсына кандидаттардан өтініштер түспесе немесе кандидаттар Үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес келмесе, конкурс өткізілмеді деп танылады.
126. Конкурс нәтижелері мемлекеттік білім беру ұйымының интернет-ресурсында немесе әлеуметтік желілерінің ресми аккаунттарында конкурстық комиссияның қорытынды отырысы өткізілгеннен кейінгі келесі жұмыс күні жарияланады.
127. Кандидаттар конкурстық құжаттармен және конкурстық комиссияның шешімімен танысады.
128. Конкурс нәтижелерімен келіспеген жағдайда, қатысушы осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жоғары тұрған мемлекеттік ұйымда (білім бөлімдері, білім басқармалары) құрылған апелляциялық комиссияға өтінішпен шағым жасайды.
129. Апелляциялық комиссияның төрағасы мен құрамын білім бөлімдері, білім басқармалары айқындайды және бекітеді. Апелляциялық комиссияның құрамы бес адамнан тұрады. Апелляциялық комиссияның төрағасы басшылықты жүзеге асырады, хатшы апелляциялық комиссияның отырысын ұйымдастырады, хаттаманы ресімдейді, оның мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге құқығы жоқ.
130. Апелляциялық комиссияның шешімі апелляциялық комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, апелляциялық комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Апелляциялық комиссияның шешімдері осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттамамен ресімделеді, оған апелляциялық комиссияның төрағасы және барлық мүшелері қол қояды.
131. Апелляциялық комиссияның шешіміне Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте айқындалатын тәртіппен шағым жасалады.
132. Үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес келетін және конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған кандидатпен білім беру ұйымының басшысы еңбек шартын жасайды және жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарады.
133. Конкурстан өтпеген кандидаттардың құжаттары конкурс жариялаған мемлекеттік органда 1 (бір) жыл бойы сақталады.
134. "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес білім беру ұйымы қоса атқарушыларды конкурссыз, негізгі жұмыс берушінің келісімі бойынша, Кодекстің 1 бабының 56) тармақшасында айқындалған тәртіппен жұмысқа қабылдайды.
135. Педагог лауазымынан босату Кодекстің 49-бабының 1), 2), 3), 5), 6), 7), 8), 9) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
"Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі
|
1. |
Көрсетілетін қызметті берушінің атауы |
Мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі және (немесе) облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармалары, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім бөлімдері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті берушілер) көрсетеді |
|
2. |
Мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдері |
Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету үшін нәтиже беру: |
|
3. |
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі |
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері: |
|
4. |
Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны |
Электрондық (ішінара автоматтандырылған) / қағаз |
|
5. |
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі |
Мемлекеттік қызметті қағаз түрінде көрсету кезінде - осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурсқа қатысуға құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат немесе 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап. |
|
6. |
Мемлекеттік қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері |
тегін |
|
7. |
Жұмыс кестесі |
1) көрсетілетін қызметті беруші - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9.00 мен 18.30 аралығы, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін. |
|
8. |
Мемлекеттік қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі |
Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесіне не Мемлекеттік корпорацияға мынадай құжаттарды береді: |
|
9. |
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер |
1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігін анықтау; |
|
10. |
Мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін талаптар |
Ағза функциялары тұрақты бұзылған, оның тыныс-тіршілігін шектейтін денсаулығы бұзылған көрсетілетін қызметті алушыларға мемлекеттік қызмет көрсету үшін құжаттарды қабылдауды Мемлекеттік корпорацияның қызметкері тұрғылықты жеріне барып 1414, 8 800 080 7777 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы жүгіну арқылы жүргізеді. |