Бәсекеге қабілетті маман даярлау- басты міндетіміз.
Колледж әдіскері: Б.С.Есентурова
Елбасымыздың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын қазіргі таңда әлем өнеркәсіп революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келе жатқандығынан бастады. Мұндай жана технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде деп, атап көрсетті.
Елбасы арнайы тоқталып өткен математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту қажеттілігі туындап отыр.Себебі XXI ғасыр-ақпараттық технология ғасыры, сондықтан студенттердің болашақта шебер маман иесі болуы үшін, осы технологияны жетік білуге үйретуде осы математика , жаратылыстану ғылымдарын жақсы меңгеруге жағдай жасауымыз керек.
Осы талапты жүзеге асыру мақсатында Көкшетау қаласы, Жоғары колледжінде қазақ тілінде білім алып жатқан ГЕО-17 тобында математика пәнінен ашық түрде «Нақты санның n- ші дәрежелі түбірі және оның қасиеттері» атты тақырыпта он-лайн сабақ өтті. Сабақты ұйымдастырып, жүргізген бірінші санатты математика пәнінің оқытушысы Жакишева Сымбат Азнабаевна.
Сабақтың мақсаты осы аталған тақырыпты игере отырып, студенттердің нақты санның түбірі туралы ұғымын және оның қасиеттері бойынша білімдерін тереңдету, түбірдің қасиеттерін есептер шығаруда қолдануды үйретуге бағытталып, студенттерді ұқыптылыққа, нақтылыққа, шапшаң ойлап, тез шешім қабылдауға, өз-өзін бағалай білуге тәрбиелеуге, олардың ой- өрістерін дамытып,логикалық ойлау қабілеттерін арттыруға,түбірдің қасиеттерін есеп шығару кезінде қолдана білу білік-дағдыларын және теориялық білімін практикада қолдана білу дағдысын қалыптастыруға бағытталған . Сабақта түрлі инновациялық ,саралап –деңгейлеп оқыту әдіс- тәсілдері қолданылып,ұжыммен, топпен атқарылатын жұмыс түрлері орындалды.Сабақ өз мақсатына жетті деп әбден айтуға болады.
Әрбір елдің болашағы жастардың қолында. Ұлы хан Абылайдың «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген бүгінгі ұрпаққа өсиеті бүгін өз құндылығын жойған жоқ.Сан ғасыр тарихында қолындағы найзасымен елін, жерін қорғап, алға бастаған елдің бүгінгі жаһандану заманының ағыстарына төтеп берудегі қаруы - білім болмақ! Осы заман ағысына, талабына сай білімді, білікті, бәсекеге қабілетті, парасатты жас мамандарды даярлауға, тәрбиелеуге, жастардың рухани бай болуы үшін өз педагогикалық шеберлігімізді аямай, шыңдай түсейік, құрметті әріптестер!