«Жеті қат көкке самғау» немесе суицидтің бір сыры
Бүгінде жасөспірімдердің арасында арты өлімге алып келетін ойындар кеңінен тарап кетті. Бесіктен белі шықпай жатып, өмірімен есеп айырысуға тырысқан жасөспірімдердің әрекеті кімді де болсын, ойлантпай қоймайды. Көргенінен көрмегені көп, бар қызығы алда саналатын жасөспірімдерді өмірімен оңай қоштасуға итермелейтін не нәрсе?..
Көктемдегі бәрі «Синий кит» деген ойыннан кейін бір дүрлігіп басылып жатқанда, оның орнына жасөспірімдер арасында «космосқа саяхат», «Собачий кайф», «жеті қат көкке самғау» деген атаулармен белгілі «қатерлі ойын» жасөспірімдерді мойын орағыш көмегімен-ақ о дүниеге шығарып салуға себепші бола алады екен. Бар болғаны бес-алты рет терең дем алып, мойын тұсынан қысып қалса болғаны, ұйықтап кете баратын жасөспірімнің бұдан кейін тіпті мәңгілік ұйқыға аттанып кете баруы да ғажап емес. Жасөспірімдерді ынтықтырып, беймәлім қызық іздеуге мәжбүрлейтін мезет – қысқа уақыт ішінде миға кислород жетіспеуі салдарынан ес жоғалту кезеңінен кейін миға біртіндеп қан жүгіретін қасқағым сәт. Мақсаты: талып қалу кезінде «басқа өмірді көру» және «астралға кіру». Осындай ойындармен ойнап көрмеген бала өз қатарластарының арасында «лузер» деген атаққа ие болады екен.
Осындай жолмен иттің әрекетінен ләззат іздеген жасөспірімдер қатары бүгінде күн санап артып бара жатқан көрінеді. Ресей мамандарының айтуынша, балалардың осы ойынға құныққаны соншалық, алғашында топ болып «иттің кәйпінен» дәм татқандар уақыт өте нашақор іспеттес, жалғыз отырған кезде өз-өзіне істеп көруге тырысады екен. Ал жалғыз отырып өзін-өзі тұншықтыру кезінде естен тану салдарынан дер кезінде қолындағы жіпті шешіп үлгермеген жасөспірімдер әрекетінің соңы суицидке әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде Ресейде суицидке ұрынған кейбір жасөспірімдер әрекетінің дәл осы қатерлі ойын салдарынан болғаны анықталып отыр. Ал қатерлі ойынның қызығушылары көбінесе 12- 15 жас аралығындағы жасөспірімдер көрінеді. Мыңдаған жасөспірімнің мұны өздеріне қолданып көргені де анықталып, күн санап оны өз-өздеріне қолданып көрушілер саны өскен үстіне өсе түсуде екен.
Сондықтан, ата-аналардың балаларына көп уақыт бөліп, олардың компьютер арқылы қандай сайттарды қолданатынын тексерулерін және бұл ойынның олардың өмірі үшін өте қатерлі екені жайлы әңгіме жүргізулерін сұраймыз.